Заң мен тәртіп қағидасы аясында 2026 жылғы 21 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мусагалиев Артур ҚазИИТУ базасында студенттер мен оқытушыларға арналған қаржылық және цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша ашық кездесу өткізді.
Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, киберқылмыстармен күрес, жеке деректерді қорғау және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы — дропперлікке қатысты құқықтық жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Артур Мусагалиев дропперлік әрекеттерге тартылудың жолдары, оның құқықтық салдары және заң алдындағы жауапкершілік туралы айтып, жастарды қырағылыққа және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Іс-шара жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қаржылық әрі цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталды.
