Халықаралық цифрлық технологиялар сәулет және құқық колледжінің ресми сайтына қош келдіңіз
Кіру
AA+
090000, Орал қаласы, М. Мәметова көшесі, 81
+7 (7112) 54-75-34
+7 (7112) 54-29-41
Мы приняли ваш запрос и в скором времени обработаем его! К сожалению, мы не смогли отработать ваш запрос.
Задать вопрос
Халықаралық цифрлық технологиялар сәулет және құқық колледжінің ресми сайтына қош келдіңіз
Халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжі

Ғарыш саласын терең зерттегім келеді – жас ғалым

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазіргі таңда оқу орындары алдында тұрған мақсат-міндеттер қандай? Жаңа оқу жылы қарсаңында «КазИИТУ» ғылыми-білім кешені халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжінің директоры, техника және экономика ғылымдарының магистрі Айдана Боранова ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді.

- Айдана Табылдықызы, алдымен өзіңнің еңбек жолыңа тоқталсаң?

- Өз басымның өмір жолымда пәлендей өзгешелік жоқ. Жастайымнан ғылым қуған жастардың бірімін. 2007 жылы Казталов ауданы Қараөзен мектеп-лицейін бітіргеннен кейін Қазақстан инновациялық және телекоммукациялық жүйелер университетіне радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығы бойынша оқуға түстім. Осы университетте білімімді жетілдіріп, 2013 жылы ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі атандым. Одан кейін «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің стратегиялық әріптесі – Мәскеу облысындағы «Дубна» табиғат, қоғам, адам халықаралық университетін 2015 жылы бітіріп, менеджмент магистрі атағына қол жеткіздім.

Жалпы, 11 жыл бойы аталмыш кешенде қызмет атқарып келемін, кейінгі толқынға ұстаздық етудемін. Қазіргі кезде халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжінің директорымын. Кешен құрылтайшысы, елге танымал профессор-ғалым Ақсерік Әйтімов ғылыммен айналысып жүрген жастарға әркез жанашырлық танытып отырады. Соның бір дәлелі – бізді 2017 жылы баспанамен қамтамасыз етті, қазір сол үйде тұрып жатырмын.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне ғылыми жетекшім, техника ғылымдарының докторы Алпамыс Ибраевпен бірге «Ионды зымыран двигательдерін және ғарыш аппараттарын жасау» атты жобамызды ұсынып, 150 млн теңге грант ұтып алдық. Күні бүгін осы жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыстанып жатырмыз.

- Бәрекелді, талаптарың оң болсын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың техникалық мамандықтарға басымдық беруді атап көрсеткені белгілі. Бұл жөніндегі ойың қандай?

- Бұл бастаманы өте құптаймын. Шынында да техникалық мамандықтарға баса мән беретін кезең келді.

Елімізде заманауи технологиялармен жабдықталған жоғары және кәсіби оқу орындары баршылық. Оларда жастардың лайықты білім алуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Дегенмен елде заңгерлер мен қаржыгерлер және гуманитарлық сала мамандары басым екені ешкімге де жасырын емес. Алайда жоғары оқу орнын бітіргендердің арасынан таңдап алған мамандығы бойынша жұмыс таппай, құрылыста, базарда немесе басқа да салаларда нәпақа табуға мәжбүр болып жүрген адамдар жетерлік. Олардың бірқатары кәсіптік-техникалық оқу орындарында қайта даярлықтан өтуде.

Шын мәнісінде бүгінгідей инновациялық-индустриялық даму бағытын ұстанған еліміз үшін техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар мен заман талаптарына жауап беретін жаңа мамандықтар үлкен сұранысқа ие.

Елімізде жан-жақты білім аламын деген жастарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Тек мамандық таңдау барысында талапкер де, ата-ана да жақсылап ойланғаны дұрыс. Әркім өз кәсібінің шебері болуы үшін үлкендер жағы мамандық таңдау адам өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі екенін ескеріп, балаларын қалаған, жанына жақын мамандықты таңдауына мүмкіндік бергені жөн. Ал, мектеп бітірген түлектер «Қандай кәсіп иесі болғанда еліме пайдам тиеді?» деген сауал төңірегінде ойланса, дардай дипломы бола тұра, жұмыссыз жүргендердің қатарына қосылмас еді.

- Алдағы ой-жоспарларың, арман-мақсаттарың қандай?

- Ой-жоспарым, әрине, баршылық. Ғылыммен етене айналысып, арман-мақсаттарыма қол жеткізгім келеді. Шын мәнісінде қазақ жастары ғарыш саласын да зерттеп, тың дүниелерді жүзеге асыра алады. Қай сала болсын ғылымды терең меңгеріп, қатарының алды болғандар ғана әлемдік деңгейде білім таластыра алады. Тек соған жету үшін талмас талап, үнемі ізденіс керек.

- Әңгімеңе рахмет. Ғылым жолында тың табыс-жетістіктерге жетуіңе тілектеспін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын халықаралық олимпиада жүлдегерінің барлық дүниенің кілті білімде екенін айтқанын жазған болатынбыз.