Құрылыс саласындағы цифрлық сызба - AutoCAD
Құрылыс саласында заманауи цифрлық технологияларды меңгеру - болашақ мамандар үшін аса маңызды. Осы бағытта арнайы техникалық пәндер оқытушысы Айталипова Н.Д. ГСТ-32 тобының студенттеріне AutoCAD бағдарламасы бойынша мастер-класс өткізді.
Аталған іс-шара «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығында білім алып жатқан студенттерге арналды. Мастер-класс барысында AutoCAD бағдарламасының құрылыс саласындағы рөлі, цифрлық сызба жасаудың негізгі тәсілдері және практикалық қолдану мүмкіндіктері кеңінен көрсетілді.
Айта кету керек, оқытушы Айталипова Н.Д. бұл бағдарламаны «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану саласындағы ТжКББ педагогтерінің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру» атты 2 апталық біліктілікті арттыру курсы аясында меңгерген. Курстан алған теориялық және практикалық білімін ол студенттерге шеберлік сабағы форматында тиімді жеткізе білді.
Сабақ барысында студенттер AutoCAD бағдарламасында құрылыс сызбаларын құрастырып, өз бетімен жұмыс жасап, кәсіби дағдыларын жетілдірді. Мұндай практикалық бағыттағы сабақтар студенттердің цифрлық құзыреттілігін арттырып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.
Бұл мастер-класс - оқытушының кәсіби дамуға ұмтылысын, ал білім беру үдерісінің заманауи талаптарға сай жүргізіліп жатқанын көрсететін жарқын үлгі.
