Мамандық таңдаудың бір жолы – кәсіби бағдар беру
Орта ғасырларда адамзат ілімінің молайып, ақыл парасатының жетілуін, оқу-ағартудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын анықтауда орасан зор еңбек сіңірген ғұламардың бірі - тәрбие жасаушы төлбасшы, Қазақстан ғұламасы-еңбек тәрбиесінің және оның теориясын жасаушыларының бірі — Әбу Насыр Әл-Фараби болды. Ол өз сөзінде қазынаның бәрін халық жасайды, ол адал да ерінбей еткен еңбектің жемісі деген болатын. Еңбек пен еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін қолдауда орта ғасырда жазылған «Фарабидің энциклопедиясы» атты еңбегінің маңызы ерекше. Осы орайда Қазақстан Республикасының Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев өзінің халыққа үндеуінде де «Білім мен кәсіби іскерлік дағдылар – қазіргі заманғы білім беру мен кадрларды даярлаудың басты бағыты» екендігін айрықша атап өткен болатын. Өсіп келе жатқан ұрпақты еңбек іс-әрекетіне дайындау – адамзат өз тарихының әр кезеңдерінде түрлі жолмен шешімін тапқан, маңызды әлеуметтік-педагогикалық мәселелердің бірі болып табылады. Жастарды еңбекке баулу және мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру - маңызды істердің бірі. Оқушының болашақ кәсібі туралы толық ақпараттандырылуы шарт, себебі, саналы түрде таңдалған мамандық - жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді.
Қазіргі таңда түлектерге кәсіби бағдар ұсынып, кеңес айту - үлкен маңызға ие нәтижелі жұмыс. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, физиологиялық және әрекеттік аумағы жағынан әлеуметтік сипаты болады. Нәтижесі қоғамның экономикалық өміріне әсер етеді. Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру қоғамның жұмыс күшін қайта өндірудің маңызды құралы саналады. Білім саласындағы кәсіби бағыттың ауқымы кең және алуан түрлі. Бұл істің жүргізілуі кадрлар даярлауды жоспарлаумен, білім беру жүйесін одан әрі жетілдірумен тығыз байланысты екендігі сөзсіз. Қазіргі заман талабына сай мамандықтарды игерген жастарға сұраныс өте жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күн санап артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге дайындау – кезек күттірмейтін талаптардың бірі. Демек оқушыларға дұрыс жөн сілтеу, ұстаздардың пайымды пікірлерін тыңдау мен түрлі саладағы мәртебелі мамандық иелерімен кездесудің маңызы өте зор. Осы мақсатта оқушыларға болашақ мамандық таңдауға көмектесу және пайдалы кәсіп туралы көзқарастарын дамыту үшін колледждің кәсіби бағыт-бағдар беру бөлімі жылдағы жоспарға сәйкес қала, аудан, ауылдағы білім шаңырақтарына барып, түрлі тақырыптарда еркін әңгіме жүргізеді. Бүгінгі таңда жаһанды жаулаған эпидахуалға байланысты жоспарланған шаралардың тізбегі де онлайн режимге ауысуға мәжбүр болды. Жұмысымызды арнайы жабдықталған «Digital Hab»тан бастадық. Мұнда мектеп оқушыларына колледждің материалды – техникалық базасы мен тарихы, мамандықтардың таныстырылмы «зум» платформасы арқылы конференция негізінде ұсынылды. Колледж студенттеріне қарасытырылған қолайлы жағдайлар мен студенттердің жетістіктер тізбегі сөз болды. Болашақ мамандарға білітілігін жетілдіру үшін колледж ішінде арнайы зертханалар жабдықталған. Ол жерде студенттер оқу орнынан ұзамай-ақ теорияда меңгерген білімдерін тәжірбие жүзінде сынай алады. Өздерінің тың бастамаларын ортаға салып, жаңа бағыттар ұсынған студенттерге, оны іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде орналасқан студенттер сарайы таныстырылды, квадрациклмен серуендеу шараларынан да үзінділер көрсетіліп, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалмайтындығы баяндалды. Сонымен қатар, «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатында әр жыл сайын мобильді робототехника, электроника, интернет құрылғылары, БПЛА салалары бойынша колледж студенттері жүлделі орындармен қанжығалары майланып, қолдауға ие болу үстінде. Одан бөлек республика, облыс, қала көлімнде оздырылатын шаралар мен сайыстардан тысқары қалған емес. Қала мектептерінің негізі және орта мектеп түлектері мен олардың жетекшілері қосылған кездесу барысында жоғарыда айтылған мәліметтерден бөлек оқушылар өздерін мазалған сұрақтарға жауап алып, қызықтырған мамандық түрлері бойынша қосымша ақпараттандырылып отырды. Мұнымен шектеліп қалмай, жоспарға сай ұйымдастырылатын экскурсия жұмыстарын бейнеролик арқылы жолдауды жөн санадық. Колледж директорының қолдауымен әр мамандықтың таныстырылым жұмысы, колледж ғимараты, білім алушыларға қарастырылған барлық мүмкіндіктер, студенттердің бос уақытын ұйымдастыру мен олардың практикалық жұмыстары, колледжді аяқтағаннан кейін ашылатын мүмкіндіктер жолы, үздіксіз оқу жүйесі толықтай қамтылған екі тілдегі бейнеролик дайындалды. Алдағы уақытта арнайы сілтеме арқылы қала, облыс, республика көлемінде мектеп оқушыларына таратылуы жіті назарда болмақ.
Мектеп бітіретін 9-11 сынып оқушыларын «қандай мамандықты таңдаймын?» немесе «таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген ойлар мазалайтыны анық. Бұл әрине үлкен өмірге қадам басардағы ең жауапты сәттердің бірі. Себебі осы бағыт-бағдар адам ғұмырының алдағы болашағына өз әсерін тигізеді. Бөлімнің атқарып жатырған жұмыстары осы тұста жастарымызға «жолсілтеуші» болары сөзсіз. Дұрыс жол тапсаң - дүниеге пайдасы бар кірпіш ретінде қаланудың мүмкіндіктеріне қол жеткізесің.
Ерланқызы Зарина
Халықаралық Цифрлық Технологиялар,
Сәулет және Құқық Колледжі
Кәсіби бағыт-бағдар бөлімі