Қиын қыстау заманда басымыздан не өткермедік. Тізбелеп айтып, еске түсірсек жүрек қынжылады, көзге жас та келеді. Тек еліміз үшін емес, бүкіл әлем, атын атауға болмайтындай жаман аурудан қорқып отырғаны сөзсіз. Бұған дейін бұл көріністерді тек фильмдерден көретін едік қой, аппақ киінген дәрігерлер, ақ масканы тұмшалаған тұрғындар, үрей мен қорқыныш. Басымызға келген сансыз сынақтардың бірі деп қабылдап, бұған шыдаймыз, қайтеміз. Адам баласын Жаратқан ием, сонша төзімшіл де, қайсар қылып, бойына тамаша қасиеттерді құйған. Кез-келген нәрседен тек жаман іздемей, жақсы жағын көру үлкен адамгершілік қасиет деп түсінемін. Бұл кезең бізге көп нәрсе үйретті, дәлелдеді. Мысалы, жақындарға әрқашан қорған болу керек екендігін, көптеген маман иелерінің біз бағаламай жүрген қырларынын молынан екендігін, ұстаздардың асыл мамандық иесі екендігін, тазалық пен тәртіп кез-келген уақытта біздің мән берер құндылықтарымызға айналуы қажет екендігін де. Ал сіз осы аралықта не түсіндіңіз? Әлде тек қана күн санап, шаршап, ашуыңызды жақындарыңыздан алдыңыз ба? Мен атап өткен нұсқа болатын болса, сіз үшін қапаланып отырмын, неге кез-келген нәрседен жақсы ой, жақсы пейіл, жақсы ниет іздемейміз? Қазіргі заманда неге адам ойына бірінші жаман нәрсе келеді? Бұл карантин болмағанда да өмір сүріп келдік емес пе, әрине, маған төрт қабырғада қапаста отырғандай қамалып отырған ұнада деп айта алмаймын, бірақ мен көп нәрсе түсіндім. Бауырларым мен туғандарыма аса аз көңіл бөлгенімді, өзімнің кәсіби қызметімді өмір мәніне айналдырып алғанымды, адам баласы, әсіресе білім саласындағы жандар қағазбастылықты бірінші орынға қоятынын да түсіндім. Бұл секілді қиындықтар болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Мүмкін тағы бір сын алда күтіп тұрған шығар , қазақилығымызды көрсетіп «Құдай бетін әрі қылсын!»- деп іштей айтып, жан-жағымызға шошына қараймыз, бірақ ,бірақ...
Өз ойымша, адам баласының басында, ниетінде, тілінде қандай сөз бен ой болса, сіздің өміріңіз де көңіліңіз де дәл сондай болады. Сенбейсіз бе? Байқап көріңізші, бір апта жақсы сөз айтып, күлімдеп, жақсы іс бастап көріңізші бәрі оңай да жеңіл болады. Ашуыңызды шашпай, біреуге болмасын демей, жақсы адам болып көріңіз.Осы жолдарды оқып отырған бір жан айтуы мүмкін, «Мен сондай едім, бәрі басыма мінді, бәрі жақсылықты әлсіздік деп түсінеді»- деп айтатын жан көп қой. Сіз мән бермеңіз, сіз үлгі бола біліңіз, сіздің алдыңызға келіп отырған адам сіздің кішілігіңіз бен кісілігіңізді сыйлайтындай таза болыңыз. Ойы мен тілі таза адамдарды бағалаңыз, ашуға жол бермеңіз, өз жүйкеңізді өзгелер үшін жұқартпаңыз. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген тамаша сөз бар емес пе, жақсы сөз – тілден, жақсы ой – санадан. Санасы мен тілі лас адам жолықса, бірге ластанбаңыз, үлгі болыңыз. Қазақ халқының асыл қазынасына айналған «Абай жолы» роман эпопеясының авторы, Мұхтар Омарханұлының тамаша мынандай сөзі бар емес пе, «Ит мені қапты деп, оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады.» Бұл сөздерді ұранға айналдырып керек емес, жақсы жағын алу керек.Тағы да қайталап айтамын, жақсы нәрсе көріп, естіп үйренейік. Сіздің ойыңыз бен ісіңіз сіздің ертеңгі күнгі көңіл-күйіңіздің кепілі. Өмірдің мәні ақша мен даңқ емес, өмір мәнін әркім әртүрлі түсінеді. Тек сол сіз үшін өмір мәніне айналып отырған зат не екендігін уақытында түсініп үлгеріңіз. Ақ болайық , адал да таза, мейірімді де жомарт болуға жастарды үйретейік. Алдымызға келіп отырған әр студентке үлгі бола білейік.
Халықаралық Цифрлық Технологиялар, Сәулет және
Құқық колледжінің оқу-әдістемелік жұмыстарының
Меңгерушісі Джумагалиева А.Б