Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде Мемлекеттік айыптаушылардың форумы аясында студенттермен мазмұнды кездесу өтті.
Іс-шараға Астана қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыдағы істерге қатысу басқармасының бастығы Аймағанова Айжан Талғатқызы арнайы келіп, болашақ заңгерлермен ашық форматта кездесу өткізді.
Кездесуді университет ректоры Әліби Науханұлы Баяхов ашып, форумның құқықтық мәдениетті арттырудағы, студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті. Әліби Науханұлы өз сөзінде прокуратура органдары мен жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтастығы жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға зор ықпал ететінін жеткізді.
Аймағанова Айжан Талғатқызы өз баяндамасында алқабилердің қатысуымен өтетін сот процестеріндегі мемлекеттік айыптауды қолдаудың өзекті мәселелеріне тоқталып, прокуратура жүйесінде енгізіліп жатқан жаңа ақпараттық-анықтамалық өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ, жас заңгерлер үшін талап етілетін кәсіби құзыреттер, айыптау тарапындағы прокурордың жауапкершілігі мен жұмыстың ерекшеліктері нақты мысалдармен түсіндірілді.
Кездесу еркін сұхбат форматында жалғасып, студенттер мемлекеттік айыптаушының қызметі, апелляциялық тәртіптегі сот істеріне қатысу ерекшеліктері, қылмыстық процестегі дәлелдемелерді бағалау, сондай-ақ прокуратура органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде түрлі сұрақтар қойды. Аймағанова Айжан Талғатқызы барлық сұрақтарға нақты әрі тәжірибеге негізделген жауап берді.
Іс-шара қорытындысында студенттер құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді тереңірек түсініп, мамандыққа деген қызығушылықтарын арттырғандарын атап өтті.
